Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінде (РФММ) оқушылардың жаппай асқазан-ішек инфекциясын жұқтыру оқиғасынан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Білім беру мекемесінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, мектепті басқарған Мейірлан Мейірбек лауазымынан кетті. Оның орнына РФММ-нің бұрынғы басшысы Алмаз Күнғожин қайтадан директор болып тағайындалды.
Жаңадан келген басшы — осы мектептің түлегі. Ол 2018–2023 жылдары аталған білім ошағында директор қызметін атқарған, сондай-ақ ұзақ жылдар бойы мұғалім болып, оқушыларды математика пәні бойынша халықаралық олимпиадаларға шыңдаған. Ал соңғы үш жыл көлемінде РФММ басқарма төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарып келген.