БҚО-да қызметтік міндетін атқару кезінде екі полиция қызметкері қаза тапты, деп жазды Alash.kz.
Батыс Қазақстан облысының Тасқала ауданында қызметтік міндетін атқару кезінде болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі полиция қызметкері қаза тапты.
Қайғылы оқиғада полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиев көз жұмды.
Ішкі істер министрі Ержан Сәденов марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, ІІМ олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.
«Қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің Тасқала аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері – полиция майоры Абзал Үмбетқалиев пен полицияның аға сержанты Нұрғали Әдиевтің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын», – деп жазды министр әлеуметтік желідегі парақшасында.
Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, жол апаты 3 шілде күні болған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.