Қырғызстан президенті Садыр Жапаров ел ішінде тұрақсыздық тудырып, халық арасында дүрбелең таратуға тырысатын адамдарға қатаң шара қолдану қажеттігін айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Жапаровтың сөзінше, сыртқы күштердің ықпалына түсіп, олардан қаржы алып, елдегі жағдайды шайқалтқысы келетін адамдарға «аяушылық болмайды».
«Біз арамыздағы сыртқы күштердің ықпалына түсіп, олардан ақша алып, елді шайқалтып, халық арасында дүрбелең тудырғысы келетін аз ғана халық жауларын қатаң жазалауымыз керек. Ондайларға аяушылық болмайды», – деді Садыр Жапаров.
Президенттің айтуынша, халықаралық іс-шаралар кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін Қырғызстанда «Қауіпсіздік» операциясы басталған.
Операция аясында Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, прокуратура, Салық және Кеден қызметтері, Қылмыстық-атқару жүйесі, Шекара қызметі және Сот департаментінің 15 мың қызметкері күшейтілген режимде қызмет атқаруға тартылған.
Жапаров бұған дейін де елдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келген.