Шымкент қаласындағы «Самал-3» шағынауданында орналасқан жалдамалы үйлердің бірінде қызғаныш салдарынан кісі өліміне ұластырған ауыр қылмысқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сәйкес, аталған мекенжайда тұрған ерлі-зайыптылардың арасында 20 мамыр күні күндіз өзара қызғаныштан жанжал туындаған. Ұрыс кезінде ашуға булыққан әйел асүй пышағын алып, күйеуінің кеуде тұсына бір рет қадаған. Салдарынан пышақ ер адамның оң жақ өкпесі мен ірі қан тамырларын зақымдап, алған ауыр жарақаттан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды.
Қылмыс жасаған әйел сол күні дереу ұсталды. Арнайы жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша, ол қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің сипатын толық түсініп, оны басқара алғаны анықталды.
Іс алқабилердің қатысуымен ашық түрде қаралды. Сот үкімімен әйел Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша қасақана кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, сот шешімі бойынша сотталған әйелден марқұмның ата-анасының пайдасына моральдық зиянды өтеу ретінде 20 миллион теңге көлемінде қаражат өндіріп алу туралы міндеттеме жүктелді.