Алматылық бойжеткен үйіне шақыртумен келген жедел жәрдем қызметкері тексеру кезінде оған тиісіп, ар-намысына тиетін әрекеттер жасағанын мәлімдеді, деп жазады Alash.kz.
Жәбірленушінің айтуынша, медицина маманы оның телефонын тартып алып, пәтерден шығармай күш көрсеткен, тек көршілерінің көмегімен ғана аман қалған. Ал фельдшер бұл айыптауларды жала деп бағалап, науқастың үстінен полицияға қарсы арыз түсірді.
Бойжеткен болған жағдайды әлеуметтік желіде былай деп баяндады:
«Біз арыз жаздық, бірақ Қазақстанда тиісу туралы арнайы бап болмағандықтан, ол жазасыз қалуы мүмкін. Бұл жағдайды барынша таратуды сұраймын. Мен өтінемін. Камералардағы видеолар мен суреттер қолға тиген бойда жарияланады».
Алматы қалалық жедел жәрдем қызметі бұл оқиғаға қатысты ішкі тексеру жүргізіп, өз маманына араша түсті. Мекеме өкілдері медицина қызметкерінің әрекетін былай деп түсіндірді:
«Науқастың мінез-құлқы дұрыс болмағандықтан, фельдшер 102 нөміріне қоңырау шалып, сол жерде арыз жазуға мәжбүр болған. Жедел жәрдемде істеген алты жыл ішінде фельдшердің үстінен ешқандай шағым түспеген. Оның үстіне ол үйленген, бала тәрбиелеп отыр».
Қазіргі уақытта Жетісу аудандық полиция басқармасы екі тараптың да арызы бойынша тексеру амалдарын бастап кетті. Тәртіп сақшылары оқиғаның мән-жайын анықтап, жиналған айғақтар негізінде қатысушылардың іс-әрекетіне құқықтық баға беретінін хабарлады. Істің ақ-қарасы алдағы уақытта толық нақтыланатын болады.


