Қырғызстан билігі еңбек мигранттарының құқығын қорғамағаны үшін Ресейді Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) сотына берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Бішкектің пайымдауынша, Ресей жағы ұйымға мүше елдер арасындағы ортақ келісімнің талаптарын өрескел бұзып отыр. Мәселенің мән-жайы ЕАЭО туралы келісімнің «Еңбек көші-қоны» бөліміндегі 96, 97 және 98-баптарға қатысты туындаған. Бұл нормаларға сәйкес, одаққа мүше мемлекеттердің жұмысшылары мен оның отбасы мүшелері жұмыс істейтін елдің азаматтарымен тең дәрежеде әлеуметтік және медициналық сақтандыру көмегін алуға құқылы. Алайда, Ресей тарапы мигранттардың жақындарына міндетті медициналық сақтандыру полисін беруден бас тартқан.
«Ресей жағы қазіргі кезде аталған келісімнің 96-97 баптарын бұзып жатыр, еңбек мигранттарының отбасы мүшелеріне міндетті медициналық сақтандыру бермей отыр», - деп мәлімдеді Қырғызстанның міндетті сақтандыру қорының төрағасы Азамат Мұқанов парламенттегі комитет отырысында.
Даудың ушығуына Ресей Мемлекеттік думасының шетелдіктерге медициналық полис беру ережесін қатаңдатуы себеп болған. Жаңа талап бойынша, мигранттар тегін емделу құқығына ие болу үшін ел аумағында кемінде бес жыл заңды түрде жұмыс істеуі тиіс. Бұл ЕАЭО аясындағы еркін еңбек нарығы мен тең құқықтылық қағидаттарына қайшы келеді.
Қазіргі таңда Ресейде 612 мыңнан астам Қырғызстан азаматы тұрып жатса, оның 377-сі мигрант ретінде ресми тіркелген. ЕАЭО соты бұл мәселе бойынша өз шешімін алдағы екі апта ішінде жариялауы тиіс.