Қарағанды спортына жауапты Серік Сәпиев пен орынбасары Дәурен Есімханов жұмыс уақытында жаға жыртысқан, деп хабарлайды Alash.kz.
Салдарынан, олимпиада чемпионы жарақаттанған. Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс тіркелді. Қазір жәбірленушінің алған жарақатын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Спорт журналисі Аслан Қаженов ақпараттың ақ-қарасына көз жеткізу үшін облыстық полиция департаментіне хабарласқан.
“42 жастағы Қарағанды қаласының тұрғынының арызы негізінде ұрып-соғу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Белгілі болғандай, 21 қаңтар күні қаладағы спорт кешендерінің бірінде екі ер адам арасында жанжал туындаған. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау жұмыстарын жүргізуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жариялауға жатпайды» - делінген ресми хабарламада.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Сәпиевке дене жарақатын салған күдікті ретінде оның орынбасары Дәурен Есімханов аталады.

Серік Сәпиев – Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасын басқаратын танымал спортшы, Олимпиада чемпионы. Ал жанжалға қатысы бар екінші азамат – самбодан Азия және әлем чемпионы ретінде танылған Дәурен Есімханов.
Полиция дерегінше, аталған факті бойынша «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс тіркелген. Қазір жәбірленушінің алған жарақатының ауырлығын анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалған.