Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, бұл науқанның елдегі жаңғырудың жаңа кезеңін айшықтайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Дауыс беруге алғашқылардың бірі болып келген Ерлан Қарин жаңа Конституцияға сәйкес Құрылтайдың мемлекеттік саясаттағы негізгі институттарды қалыптастыруға қатысатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл реформалар қоғамдағы үдерістерге тың серпін беріп, заң шығарушы органға жаңа күштер мен тұлғалардың келуіне жол ашады. Сонымен қатар ол ауқымы мен даму серпіні жағынан бұл өзгерістерді тұтас өңірдегі ең ірі жаңғыру үдерістерінің бірі деп бағалады.
Ерлан Қарин: «Өздеріңіз білетіндей, жаңа Конституцияға сәйкес, Құрылтай мемлекеттік саясаттағы бірқатар негізгі институттарды қалыптастыруға қатысады. Сондықтан Құрылтай сайлауынан елдегі жаңғырудың жаңа кезеңі басталады деуге болады. Меніңше, маңызды бетбұрыс тек институттардың жаңаруымен шектелмейді. Президент реформалары қоғамдағы үдерістерге де тың серпін беріп отыр. Ауқымы, қарқыны мен даму серпіні жағынан бұл – еліміздің тарихындағы ғана емес, тұтас өңірдегі ең ірі жаңғыру үдерістерінің бірі деп нық айтуға болады», — деп айтты.
Ал болашақ заңнамалық бастамаларға қатысты сауалға жауап берген ол кандидаттар тізімін партиялар жасақтайтынын және сайлау аяқталмай тұрып алдағы жоспарлар туралы айту ерте екенін білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған Ерлан Қарин 2026 жылғы маусымның аяғында Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалған болатын, ал шілдеде жаңа Конституцияның күшіне енуімен Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылды.