Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Құрылтай" құрамындағы журналист-депутаттар кімдер?

14:21, 27 тамыз 2026

Құрылтайдың алғашқы шақырылымында журналистика мен медиа саласында тәжірибесі бар 11 азамат депутаттық мандатқа ие болды. Олардың 10-ы «Әділет» партиясының атынан сайланса, бір депутат Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның құрамынан өтті, деп жазады Alash.KZ.

dalanews.kz жазғандай, 23 тамызда өткен сайлау нәтижесінде «Әділет» партиясы 71,17 пайыз дауыс жинап, Құрылтайдағы 145 орынның 110-ына ие болған. Ал ЖСДП 5,11 пайыз дауыс алып, сегіз мандатқа қол жеткізді.

Жаңа парламент құрамына енген журналист-депутаттардың басым бөлігі бұған дейін баспасөзде, телеарналарда, ақпараттық агенттіктерде және медиа ұйымдарда еңбек еткен.

Дихан Қамзабекұлы

Дихан Қамзабекұлы – алаштанушы ғалым, филология саласының маманы әрі баспасөзде ұзақ жыл еңбек еткен тұлға. Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қызмет атқарған.

Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің басшылығына келіп, басылымның дамуына үлес қосты. Қазір «Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры қызметін атқарады.

Жанарбек Әшімжан

Жанарбек Әшімжанның журналистикадағы еңбек жолы «Жас Алаш», «Ана тілі» және «Қазақ әдебиеті» басылымдарымен байланысты. Ол «Ана тілі» газетінің бас редакторы болған.

Кейін Мәжіліс депутаты атанып, «Масс-медиа туралы» заң жобасын дайындаған жұмыс тобына жетекшілік етті.

Максим Рожин

Максим Рожин журналистика және медиаменеджмент бағытында тәжірибе жинаған. Әр жылдары түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында және «Қазконтент» компаниясында басшылық қызметтер атқарды.

2023-2026 жылдары Мәжілістің VIII шақырылым депутаты ретінде жұмыс істеді.

Сергей Пономарев

Сергей Пономарев журналистика саласындағы жолын Қазақ радиосында редактор әрі жүргізуші болып бастаған.

Кейін КТК телеарнасында тілші, жаңалықтар жүргізушісі қызметтерін атқарып, «Хабар» агенттігінде шолушы болып еңбек етті. 2023-2026 жылдары Мәжіліс депутаты болды.

Армангүл Тоқтамұрат

Армангүл Тоқтамұрат – «Қазақстан» ұлттық телеарнасында еңбек еткен журналист әрі тележүргізуші. Көрермен оны «Ақпарат» және «Жедел желі» бағдарламаларынан жақсы біледі.

Ол әлеуметтану мамандығын меңгеріп, әлеуметтік ғылымдар магистрі дәрежесін алған.

Ирина Тен

Ирина Тен – «Қазақстан» ұлттық телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының жүргізушісі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.

Телевизиядағы кәсіби жолын студент кезінен бастап, кейін ақпараттық бағдарламаларда жұмыс істеді.

Жарқынбек Амантайұлы

Жарқынбек Амантайұлы – филолог, журналист. Ақпарат саласында еңбек етіп, кейін қоғамдық-саяси қызметке араласқан.

2023 жылы Мәжіліс депутаты болып сайланып, заң шығару жұмысына қатысты.

Ләззат Қожахметова

Ләззат Қожахметова – журналист, оқытушы және қоғам белсендісі. Ол «Талбесік» көпбалалы аналар одағы» қоғамдық бірлестігінің негізін қалаған.

Ұйым арқылы көпбалалы отбасылардың әлеуметтік мәселелерін көтеріп, жәрдемақы, тұрғын үй және әлеуметтік қолдау мәселелеріне назар аударып келеді.

Қарлығаш Жаманқұлова

Қарлығаш Жаманқұлова медиа саласында, сондай-ақ сөз бостандығын қорғау бағытында еңбек еткен.

Ол АҚШ елшілігінде өңірлік медиа мәселелері жөніндегі кеңесші болып, кейін Еуропалық одақ өкілдігінің баспасөз және ақпарат бөлімінде қызмет атқарған.

2022-2026 жылдары «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қорын басқарды.

Ерлан Тоқшылық

Ерлан Тоқшылық – журналист әрі медиаменеджер. Ол Солтүстік Қазақстан облыстық «Qyzyljar» телеарнасын 14 жыл басқарды.

Кейін жоғары оқу орнына ауысып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарды.

Мақсұт Насибулов

Мақсұт Насибулов ЖСДП Орталық аппаратының басшысы қызметін атқарады. Бұған дейін партияның жастар қанатын басқарған.

Сонымен бірге ЖСДП-ның ресми сайты мен «Социал-демократ» газетінің редакциялық жұмысына жетекшілік еткен.

Сайлау қорытындысында Мақсұт Насибулов ЖСДП атынан Құрылтай депутаты болып сайланды.

Осылайша, жаңа Құрылтай құрамындағы журналист-депутаттардың арасында телеарна жүргізушілерінен бастап бас редакторлар, медиаменеджерлер мен сөз бостандығын қорғау саласының мамандарына дейін бар. Олардың бір бөлігі бұған дейін Парламентте жұмыс істеп, енді заң шығару қызметін Құрылтай құрамында жалғастырмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар