Белгілі педагог, мектеп директоры Ақмоншақ Нұртаза «Республика» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде ұсынылғанын хабарлап, әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Педагог бұл шешімнің жай ғана таңдау немесе мансап жолындағы күрес емес, қоғамға оң өзгеріс әкелуді көздейтін маңызды қадам екенін атап өтті. Білім саласының өкілі ретінде ол ұстаздардың мәртебесін көтеру, ата-аналардың пікіріне құлақ асу және балалардың қауіпсіз ортада сапалы білім алуы сияқты түйткілді мәселелерге басымдық беретінін жеткізді. Ол депутаттықты шен-шекпен емес, үлкен жауапкершілік пен аманат деп қабылдайтынын білдірді.
Ақмоншақ Нұртаза өз жазбасында: «Мен Құрылтай депутаттығына кандидатпын. Бұл мен үшін жай ғана таңдау немесе депутат болу үшін күрес емес. Менің мақсатым – қоғамға бір тамшы болса да оң өзгеріс әкелу. Білім саласының ішінде жүрген адам ретінде мен үшін ұстаз мәртебесінің көтерілуі, ата-ананың пікіріне құлақ асу және ең бастысы - әр баланың қауіпсіз ортада сапалы білім мен тәрбие алуы аса маңызды. Мен бәрін өзгертемін деп үлкен уәде бергім келмейді. Бірақ бір мәселенің шешілуіне, бір ұстаздың үнінің естілуіне, бір ата-ананың пікірінің ескерілуіне, бір баланың жағдайының жақсаруына ықпал ете алсам – бұл мен үшін үлкен нәтиже. Депутаттықты мен мәртебе емес, жауапкершілік, атақ емес, аманат деп қабылдаймын. Қоғамның жақсы жаққа өзгеруіне тамшыдай болса да үлес қоса алсам – мен үшін азаматтық борышымның орындалғаны деп білемін», – деп жазды.