Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Құрбан айт тек мал шалу емес: Нұрлан имамның маңызды үндеуі

10:40, 25 мамыр 2026

Биыл мұсылман қауымының ұлық мерекесі — Құрбан айт 27, 28 және 29 мамыр күндеріне сәйкес келеді, деп хабарлайды Alash.kz

Белгілі дінтанушы Нұрлан имам Байжігітұлы бұл мейрамның мәні тек мал шалумен шектелмейтінін ескертті. Имамның пайымдауынша, адам баласы үшін ең үлкен әрі маңызды құрбандық — ар-намысты, иманды және саналы ұрпақ өсіру. бұл туралы ол «Жібек жолы» радиосына берген сұхбатында айтты.

Ұрпағың жетесіз болса, шалған малдың пайдасы қайсы?

Нұрлан имам адам қанша жерден құлшылық жасап, мал шалғанымен, егер отбасындағы тәрбие ақсап тұрса, оның қоғамға да, өзіне де пайдасы шамалы екенін ашып айтты:

«Сіз жыл сайын Құрбан айтта ірі қара немесе түйе шалсаңыз да, артыңызда қалған ұрпағыңыз имансыз, ар-намыссыз, тілсіз, жетесіз болса, ол құрбандықтың сізге қалай көмегі тимек? Бүгінгі таңдағы құрбандықтың ең үлкені – балаңа дұрыс тәрбие беру».

Дінтанушы өз сөзінде хакім Абайдың мына бір ғибратты ойын мысалға келтірді: «Артыңдағы балаң жаман болса, қай балаңның дұғасы саған жәрдем береді? Сен өзің жаман болсаң, қай балаңның дұғасы сені құтқарады? Егер өзің жақсы болсаң, қай қазақ саған дұға қылмайды?»


 

Құрбан айттың негізгі 3 құндылығы

Исламда құрбандық шалу — Алланың разылығы үшін жасалатын сауапты амал. Алайда бұл рәсімнің артында терең әлеуметтік және адамгершілік мән жатыр:

  • Мейірім мен жанашырлық: Жағдайы бар азаматтар құрбандық етін мұқтаж жандарға таратып, қоғамдағы әлеуметтік теңдік пен мейірімділікті арттырады.

  • Бірлік пен ағайын татулығы: Мейрам күндері туған-туыс бір-біріне айттап, реніштер ұмытылады, бауырмалдық күшейеді.

  • Шүкіршілік пен сабыр: Бұл күндер адамды қолда барға қанағат етуге және өзгеге қол ұшын созуға тәрбиелейді.

Құрбан айт — тек діни міндет қана емес, сонымен бірге өсіп келе жатқан балалардың бойына ізгілік, қайырымдылық және адамгершілік құндылықтарды сіңірудің таптырмас мүмкіндігі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар