Атырау облысы Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиғадан кейін білім беру ұйымының директоры қызметінен босатылды. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Әлеуметтік желілерде оқушының қолына балта ұстап, өзге балаларды қуалаған сәті бейнеленген видео тарағаннан кейін жағдайға Оқу-ағарту министрлігі назар аударды. Ведомствоның мәліметінше, өңірге арнайы комиссия жіберіліп, мектептердегі қауіпсіздік шаралары мен тәрбие жұмысының ұйымдастырылуы жан-жақты тексеріледі.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, мектеп қабырғасында орын алатын кез келген құқық бұзушылық, соның ішінде буллинг, төбелес пен әлімжеттік басқарушылық әрі құқықтық тұрғыдан нақты бағалануы тиіс. Осыған байланысты Құлсары қаласындағы аталған мектептің директоры қызметінен босатылған.
Еске салайық, 5 ақпанда «102» қызметіне Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде жасөспірімдер арасында жанжал туындап, оның соңы шабуылға ұласқаны жөнінде хабар түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алған.
Полиция қызметкерлері 10-сынып оқушысын ұстады. Бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне алынды.