Қазақтың дәстүрлі «Ою-өрнегі» ресми түрде ИСЕСКО-ның Ислам әлемі мұралары тізіміне енді. Қуанышты жаңалықты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі парақшасында хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Мемлекеттік кеңесшінің мәлімдеуінше, тиісті шешім 11 ақпанда өткен ИСЕСКО Ислам әлемі мұралары комитетінің 13-сессиясында қабылданды.
«Ою-өрнек – мәдени бірегейлігіміз бен тарихи сабақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін негізгі этномәдени код.
Ою-өрнектің ИСЕСКО-ның беделді тізіміне енуі – Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын халықаралық деңгейде ілгерілетудегі маңызды қадам.
Бұған дейін, яғни 2023 жылы ИСЕСКО тізіміне түркі өркениетінің басты нышандарының біріне айналған дәстүрлі «Тоғызқұмалақ» ойыны қосылған болатын.
Президенттің Ұлттық құрылтай отырыстарында берген тапсырмаларына сәйкес, Қазақстанның мәдени мұра нысандарын ЮНЕСКО және ИСЕСКО тізімдеріне енгізу жұмысы жалғасатын болады», - деп жазды Ерлан Қарин.