Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO әлем чемпионы атағынан бас тартып, екінші орта дивизионға ауысатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
33 жастағы отандық спортшы орта салмақ тобындағы чемпиондық белбеуін өз ырқымен өткізіп, жоғары салмақ дәрежесінде бақ сынауды ұйғарған. Отандық боксшы бұндай шешімге допинг дауы салдарынан берілген бір жылдық жазалау мерзімі кезінде келген.
Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бұл қадамның мән-жайын түсіндіріп:
«Бiз орта салмақта айтарлықтай шулатып, бірден екі бірдей әлем чемпионы титулын иелендік! Осы салмақ дәрежесінде «Qazaq style» жекпе-жек мектебін әлемдік аренада биікке көтердік. Орта салмақтағы былғары қолғап шеберлерінің үрейін ұшырған басты қарсыласына айналдық. Дәл осы салмақта талай жарқын сәттер мен қиындықтарды, қуаныш пен сәтсіздіктерді бірге бастан өткердік. Енді бұл жолымызды екінші орта салмақта жалғастырамыз! Бұл салмақта танымал боксшылар өте көп. Бұрын менімен бір салмақта өнер көрсеткендер қазір екінші орта салмаққа ауысып, чемпион болып жүр. Енді олардың жағдайын сәл де болса күрделендіреміз», — деді.