Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қос алтын»: Назым Қызайбай мен Виктория Графеева әлем кубогында чемпион атанды

«Қос алтын»: Назым Қызайбай мен Виктория Графеева әлем кубогында чемпион атанды

Әлем кубогының финалдық бәсекесінде шаршы алаңға шыққан қазақстандық былғары қолғап шеберлері Назым Қызайбай мен Виктория Графеева қарсыластарын қапы қалдырып, беделді доданың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Alash.kz.

3 дүркін әлем чемпионы, бұл жолы 54 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Назым Қызайбай шешуші жекпе-жекте әлем біріншілігінің екі мәрте жүлдегері, италиялық Сирине Чараабимен күш сынасты. Кездесу барысында отандасымыз барлық 3 раундта да айқын басымдық танытып, қорытынды есепте 4:1 нәтижесімен жеңісті жұлып алды. Осыған дейін Назым 2025 жылы Астана төрінде ұйымдастырылған Әлем кубогында 48 келіде бас жүлдені иеленген болатын. Оның бұл жолғы алтынға бастар сапары да оңай болған жоқ: 1/8 финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Им Э Джиді (4:1), ширек финалда польшалық Виктория Рогалинсканы (5:0), ал жартылай финалда таиландтық Натнича Чонгпронгклангты (3:2) тізе бүктірді.

Сондай-ақ, 60 келі салмақта өнер көрсеткен әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева да шаршы алаңда нағыз сенсация жасады. Ол финалдық айқаста Париж Олимпиадасының чемпионы, тайпейлік Лин Юй-Тинмен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта төрешілер басымдықты қарсыласқа бергенімен, Виктория соңғы секундтарға дейін жанқиярлықпен шабуылдап, тартысты бәсекені 3:2 есебімен өз пайдасына шешті. Графеева финалға дейінгі кезеңдерде 1/4 финалда оңтүстіккореялық Иеонжи Охты (5:0) айқын ұтса, жартылай финалда әлем чемпионатының тағы бір жүлдегері, өзбекстандық Ситора Турдибековадан (4:1) басым түскен еді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар