Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қорқамыз". 22 жастағы Нұрайды өлтірген деп айыпталған күдікті танымал блогерлердің туысқаны болып шықты

18:32, 17 қаңтар 2026

Блогерлер Камила Адильхан мен Магжан Аймахан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне күдікті ретінде танылған Шерхан Аймаханның өздеріне туыс екенін растады. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.

Олар туыстық байланысқа қарамастан, күдіктінің әрекетін ақтамайтындарын және істің әділ сотта қаралуын талап ететіндерін мәлімдеді.

«Туыстық қатынасқа қарамай, біз тек әділ жаза мен әділ сот шешімін қалаймыз. Ең алдымен, Алланың алдында жауап беруден қорқамыз. Бұл оқиғаны ақтауға ниетіміз жоқ. Бұл – аса қатыгездікпен жасалған қылмыс», — деп жазды олар.

Еске салайық, 11 қаңтар күні Шымкент қаласында Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында 21 жастағы студент Нұрай Серікбайға ер адам шабуыл жасаған. Қыз алған көп пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, өткен жылы 28 жастағы күдікті Нұрайды ұрлап, ата-анасының үйіне апарған. Алайда бойжеткен оған тұрмысқа шығудан бас тартып, кейін отбасына қайтарылған. Осыдан соң Нұрайдың жақындары полицияға жүгініп, қыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұраған.

Соған қарамастан, күдікті Нұрайды аңдуды тоқтатпаған. Ол қызға қоқан-лоқы көрсетіп, үйінің маңында торуылдап жүргені айтылады. 11 қаңтар күні кешке Нұрай дүкенге шыққан сәтте, бейнебақылау камералары оның артынан ер адам ілескенін тіркеген. Қыз қашып құтылуға тырысқанымен, күдікті оны қуып жетіп, бірнеше рет пышақ сұққан.

Нұрай Серікбай Алматы қаласында дизайнер мамандығы бойынша білім алып жүрген. Ол қысқы демалысқа орай Шымкентке келген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар