Индонезияның Джакарта қаласында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жетістікке жетіп, ширек финал қорытындысы бойынша 30 спортшы жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осылайша, қазақстандық былғары қолғап шеберлері кемінде 30 жүлдені қоржынға салуға кепілдік берді. Медальдардың алтын, күміс немесе қола болатыны алдағы жекпе-жектерде анықталады.
Жарысқа бас-аяғы қырық боксшымыз аттанса, соның отызы жартылай финалға жолдама алды. Яғни, отызы жүлдеге ілікті деген сөз. Ал, енді ол алтын бола ма, күміс бола ма, қола бола ма, алдағы күндері көреміз, - деп жазды спорт журналисі Аслан Каженов.
19 жасқа дейінгі санатта:
- Ұлдардан – 8 боксшы;
- Қыздардан – 6 боксшы жартылай финалға шықты.
23 жасқа дейінгі санатта:
- Ұлдардан – 8 боксшы;
- Қыздардан – 8 боксшы жартылай финалға жолдама алды.
Азия чемпионатының жартылай финалдық кездесулері 12–13 шілдеде, ал финалдық жекпе-жектер 15–16 шілдеде өтеді.
Қазақстан құрамасына жанкүйерлер ел намысын абыроймен қорғап, жеңісті жолын жалғастыруға тілектестік білдіріп жатыр.