Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қоқыс сияқты сүйреген. Бас сүйегі сынып, миына қан құйылған»: Алматыдағы сұмдық оқиғаның жай-жапсары белгілі болды

21:14, 13 ақпан 2026

Алматы қаласындағы автошеберханалардың бірінде жұмыс істейтін азаматқа қатыгездікпен шабуыл жасалып, салдарынан ол ауыр халде жансақтау бөліміне түсті, деп жазады Alash.kz. 

Жәбірленушінің ұлы әлеуметтік желіде әкесінің ес-түссіз күйінде ұзақ уақыт бойы физикалық күш көрсетуге ұшырағанын хабарлады. Бұған дейін интернет желісінде тараған жәбірленушінің қаза болғаны туралы ақпаратты оның туыстары жоққа шығарды.

21 жастағы ұлының айтуынша, ер адам отбасының жалғыз асыраушысы болған. Ол өз сөзінде отбасының әлеуметтік жағдайы мен әкесінің денсаулығы туралы мынадай мәліметтер берді: 

«Әкемнің бассүйегі көп жерден сынған, миына қан құйылған, гематомалар бар. Ол шеберханада автосырлаушы болып істейді, көлік бояйды. Біз қарапайым отбасымыз. Әкем – отбасының жалғыз асыраушысы. Үйдің үлкені менмін, менен кейін тағы екі кәмелетке толмаған бауырларым бар. Пәтер жалдап тұрамыз, оның ақысын тек әкем төлейтін. Өзіміздің үйіміз де, көлігіміз де жоқ. Анам өкпе ауруымен ауырады».

Сондай-ақ ол оқиғаның ауырлығын сипаттай келе:

«Әкемді естен тандырып, адам емес, қоқыс сияқты еденмен сүйреген видеоны көргеннен бері үш тәулік бойы ұйықтай алмадым. Оның ес-түссіз жатқан кезінде басынан теуіп, ұрып жатқан сәттері түсірілген видео қолыма түсті. Бұл – нағыз айуандық! Олар әкемді жарты сағат бойы «өлтірмек болған»», – деп мәлімдеді.

Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек бойынша Түрксіб аудандық полиция басқармасының қылмыстық іс қозғағанын растады. Ресми мәліметке сәйкес, күдікті тұлға анықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. ПД өкілдері тергеу барысы туралы мынадай ақпарат берді:

«Жедел-тергеу шаралары барысында күдікті анықталып, ұсталды, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық және объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысы Алматы қалалық Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу нәтижесі бойынша заңнама талаптарына қатаң сәйкестікте процессуалдық шешім қабылданады».

Қазіргі уақытта істің толық мән-жайын анықтау үшін тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасуда.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар