Алматы облысында денесі өртенген күйі табылған Әуезов аудандық полиция бөлімінің аға детективі Аслан Әлсеровтің қазасына қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған тың мәліметтер жария болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға полиция күні кәсіби мерекесінің қарсаңында орын алған. Сол күні жұмыстан үйіне кеш оралған марқұмның ішімдік ішкен-ішпегені әзірге нақты белгісіз. Алдын ала болжам бойынша, үй ішінде ұстара жүзіне байланысты дау туындап, арты жанжал мен төбелеске ұласқан.
Марқұмның жұбайының да бұрын полиция саласында қызмет атқарғаны анықталды. Әріптестерінің арасында Аслан Әлсеровтің әйеліне бұған дейін де бірнеше рет қол көтергені және әйелдің жұмысқа денесінде соққы іздерімен келген кездері болғаны туралы ақпарат тараған. Алайда бұл мәліметтерге қатысты ресми органдар тарапынан әзірге нақты ешқандай түсініктеме берілген жоқ.
Оқиға болған түні үйдегі айқай-шудан кейін әйелдің 15 жастағы екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы жеткен. Тергеудің алдын ала нұсқасына сүйенсек, жасөспірімдердің бірі ер адамның басынан қатты затпен соққы берген болуы мүмкін. Қазіргі уақытта тергеушілер соққының нақты қандай затпен жасалғанын анықтау үстінде.
Кейбір деректерге қарағанда, ес-түссіз жатқан полицейдің қол-аяғы киіммен байланған болуы ықтимал. Одан кейін күдіктілер марқұмның көрпеге немесе жаймаға оралған денесін көпқабатты үйдің жанында тұрған көлікке тасымалдаған деген болжам бар.
Таңға жуық аталған көлік Алматы облысының Кеген ауданы бағытындағы ауылдардың бірінен өткені белгілі болды. Кейін Көкпек – Көктал – Кеген тас жолынан тауға қарай шамамен жарты шақырымдай жүрген соң, марқұмның денесі сол маңда өртелгені айтылады. Полицейдің сүйегін таудан жоғалған малын іздеп жүрген жергілікті шопан тауып алып, бұл туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаған.
Қазіргі уақытта тергеу тобы қылмыстың барлық егжей-тегжейін анықтау мақсатында бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындауды жоспарлап отыр. Сонымен бірге ерлі-зайыптылардың ұялы телефондары да мұқият тексерілмек.
Алдын ала ақпарат бойынша, бүгінде Арайлым Әлсерова, оның екі ұлы және 14 жастағы жасөспірім құрықталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олардың өз кінәларын мойындағаны туралы айтылғанымен, бұл жөнінде әлі ресми ақпарат жарияланған жоқ. Конституцияға сәйкес, күдіктілердің кінәсі сотта толық дәлелденбейінше, олар кінәсіз деп есептеледі.
Айта кетейік, Аслан Әлсеров полиция қызметінде шамамен 10 жылға жуық еңбек еткен. Ол бұған дейін арнайы жедел әрекет ету бөлімінде (СОБР) қызмет атқарып, былтыр тамыз айында Алматы қаласы Әуезов ауданы қылмыстық полиция бөлімінің аға детективі лауазымына тағайындалған болатын.