2024 жылғы 3 маусымда хабарсыз кеткен Айгүл Сайлыбаева 16 маусым күні Германия аумағында пластикалық қапшыққа салынған күйі өлі табылды. Марқұмның өліміне байланысты басты күдікті ретінде енесі Наталья Данцова танылып, ал күйеуі Александр Данцовқа қылмысты жасыру дерегі бойынша іс қозғалған. Алайда күдіктілер бүгінгі күнге дейін қамауға алынған жоқ. Кейін олардың Мәскеуде тұрып, жұмыс істеп жүргені белгілі болды. Бұл туралы Alash.kz хабарлайды.
Айгүл Сайлыбаева — «Болашақ» бағдарламасының түлегі, жоғары білімді заңгер, Қазақстанда сот жүйесінде қызмет атқарған. Ол шетелде білім алып жүрген кезінде Талдықорған қаласының тумасы Александр Данцовпен танысқан. Кейін екеуі отбасын құрған.
Марқұмның анасы Шолпан Батқалованың айтуынша, Айгүл жастайынан білімге құштар, сабырлы әрі жауапкершілігі жоғары болып өскен. Ол бірнеше жыл құқық саласында жұмыс істеп, кейін шетелге оқуға кеткен. Тұрмыс құру туралы ұсынысты алғашында қабылдамағанымен, оқуын аяқтаған соң отбасын құруға шешім қабылдаған.
Неке қиылғаннан кейін Айгүл мен күйеуі Германияға қоныс аударған. Біраз уақыт өткен соң олардың жанына Александр Данцовтың анасы Наталья Данцова да барған. Анасының айтуынша, тұрмысқа шыққаннан кейін Айгүл күйеуі мен енесі тарапынан қысым мен зорлық-зомбылық көрген, алайда бұл жағдайды ата-анасынан жасырып келген.
Сараптама қорытындысына сәйкес, Айгүл Сайлыбаеваның денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған. Тергеу материалдарында қылмыскерлердің марқұмның денесін бөлшектеуге әрекет жасағаны туралы деректер бар. Қазіргі таңда Германияда адам өлтіру фактісі бойынша Наталья Данцоваға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Оқиға орнынан оның қаны табылғаны және Айгүл жоғалып кеткен күні Данцованың Германиядан кетіп қалғаны анықталған.
Сондай-ақ тергеу барысында Айгүлдің күйеуі Александр Данцовтың интернет арқылы Германия заңнамасындағы адам өлтіру және қылмысты жасыруға қатысты баптарды іздегені белгілі болды. Бұл деректер марқұмның анасының күдігін күшейте түскен.
"Қызымды аса қатыгездікпен өлтірген. Оның денесі көл маңынан пластикалық қапшыққа салынған күйі табылды. Сараптама нәтижесі бойынша денесінде 30-дан астам пышақ жарақаты болғаны анықталды. Тергеу деректеріне сәйкес, қылмыскерлер денені бөлшектеуге әрекет жасаған, мойнынан бауыздаған, беті шашы мүлде жоқ. Қойды бауыздаған секілді, қызымды қорлаған. Айгүлдің денесі адам шошырлық жағдайда табылды. Қазіргі уақытта Германияда адам өлтіру фактісі бойынша енесі Наталья Данцоваға ғана қылмыстық іс қозғалған. Себебі оқиға орнында оның да қаны табылды. Сонымен қатар Айгүл жоғалып кеткен күні Наталья Германиядан кетіп қалғаны белгілі болды. Ал Айгүлдің күйеуі Александр Данцовтың интернеттен Германияның "адам өлтіру және қылмысты жасыру туралы" заңдарын іздегені анықталды. Осыған байланысты мен екеуі де қызымнан құтылудың амалын алдын ала ойластырған болуы мүмкін деп күдіктенемін", – дейді марқұмның анасы.