Бейжіңде өткен First Lego League робототехника бойынша Қазақстан құрамасы 6-10 жас аралығындағы 238 команданың арасында екінші орынды иеленді, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.
Еліміздің намысын Жетісу облысының ауыл мектептерінің және Талдықорған қаласының бастауыш сынып оқушылары Нұрсұлтан Бексұлтанов, Нұрболат Әлинұр және Бақтыбай Жолбарысұлы қорғады. Жаттықтырушы – Албина Қожантай.
Оқушылар «Өнердегі инновация» тақырыбында LEGO-дан робототехника әзірлемелерін даярлап, фокустар көрсету бағдарламасы орнатылған интерактивті роботтар құрастырды.
Сондай-ақ дәл осы күні Алматы қаласының жас инженерлері Сиднейде First Lego League Challenge санатындағы Asia Pacific Open Championship чемпионатында беделді Motivate Award жүлдесін жеңіп алды. Қазақстан құрамасына жаттықтырушылар Тимур Мақажанов пен Русланның жетекшілігімен LEAS мектебінің оқушылары Аружан Мнайдар, Диас Мұратов, Кирилл Медведков, Валерий Протопопова, Никита Хагай, Әзиз Ермекқалиев, Даниэль Ким, Айдар Мұқашбаев және Әлішер Садыров кірді.