Қырғызстан тарапы TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеуге дайын екендін хабарлады, ал Ресейде TikTok платформасын бұғаттау мәселесі қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
Қырғызстандағы TikTok сегментіне қатысты сын айтылды. Бұған дейін де Алатаудың арғы жағындағы ағайын TikTok-та балалардың ақпарат кеңістігіне тән мазмұнды өнім мен сауатты ұстаным жоқ екенін мәлімдеген.
Шенеуніктер "балалардың денсаулығына, олардың физикалық, рухани, адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу шаралары туралы" заңға сілтеме жасай отырып елдегі әлеуметтік желінің жұмысын шектеуге қатысты шешім қабылдады.
Байланыс операторларына 18 сәуірге дейін шаралар қабылдау қажеттігі туралы хат жолданды.
Ресейде де TikTok желісі бұғатталуы мүмкін. Мұндай бастамамен әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің кәсіби пайдаланушылар қауымдастығының өкілдері Роскомнадзорға жүгінген.
Ресейлік сарапшылардың айтуынша, Tik Tok-ты бұғаттау отандық әлеуметтік желілер жұмысын жандандырады, нәтижесінде аудитория 30 миллион адамға артады.
Қазір Роскомнадзордың өтінішті қабылдағаны және оны 8 мамырға дейін талқыға салатыны айтылды.
Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық депутаттар TikTok әлеуметтік желісінің жұмысын шектеу туралы бірнеше рет айтқан болатын. Атап айтқанда, сенатор Әлішер Сатвалдиев кәмелетке толмаған пайдаланушыларға шектеулер қоюды ұсынды. Оның пікірінше, 18 жасқа дейінгі балалар бұл платформада күніне бір сағаттан артық уақыт өткізе алмайды.
Сәуір айында қазақ тілін күстаналаған алматылық 21 жастағы тиктокер екі жылға сотталды.