Филология ғылымдарының докторы, профессор, журналистердің ұстазы Кәкен Қамзин әлеуметтік желідегі жазбасында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіндегі жағдайға қатысты пікір білдірді, деп жазды Alash.kz.
Ғалым өз жазбасында ақын әрі ғалым-оқытушы Темірғали Көпбайдың бұған дейінгі мәлімдемесін қолдайтынын айтып, өзі де «баламалы ойдың иесі» ретінде бұл мәселеге бейжай қарай алмайтынын жазды. Қамзиннің пікірінше, әлеуметтік желідегі пікірлердің басым бөлігі Темірғали Көпбайдың ұстанымын қолдаған. Сонымен қатар ол кейбір жалған аккаунттардан тапсырыспен жазылған пікірлерді байқағанын мәлімдеді.
- Кешелі-бүгін әлеуметтік желіде ірі резонанс тудырып жатқан ақын, ғалым, баспагер, IT маманы, білікті ұстаз Темірғали Көпбай постының маған да тікелей қатысы бар. Өйткені мен де аяқ астынан шетке қағылған баламалы ойдың иесімін. Тіпті университеттің көреген басшылығының әліптеуінше, оппозицияның танымал идеологымын. Сондықтан сырттай, бейтарап бақылаушы, әліптің артын бағушы, «Not my circus, not my monkey» болып қалуды жөн көрмедім. Әлеуметтік желіде айтылған комментарийлердің, лайктардың дені Темірғали бауырымыздың байсалды ойларын қапысыз қолдағаны, бек жақтағаны анық аңғарылады. Бірлі-жарым фейк-аккаунттардан жайдақтау, тапсырыспен жазылған байламдарды да аңғарып қалдым. Бұл менің жол-жөнекей тестім. Ал орнықты ғылыми-танымдық мониторингті, көкейге қонарлық шешімді тиісті мекемелер, Aqorda, ҚР Премьер-Министрі ресми сайты, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, @ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Sayasat Nurbek шығара жатар, - деді ғалым.
Кәкен Қамзин университеттегі басқару жүйесі, кадрлық шешімдер және академиялық орта мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, өзгеше пікір айту немесе сын білдіру — жеке адамдарға қарсы әрекет емес, университеттің болашағына алаңдаудан туындайтын азаматтық ұстаным.
Қазақта «Өзің су ішкен құдығыңа түкірме» деген тәмсіл бар. Бірақ кезінде мұнтаздай таза құдықтың суы борсып бара жатса, оны әлсін-әлсін тазартып тұрған пайдалы емес пе? Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық, ғылыми, мәдени, кадрлық реформалардың мақсаты да сол. Оң-солын шамалаған адамға қоғамдағы эволюция үдерісі, орын басу реакциясы дегеніміздің өзі осы емес пе?Мен осы сөзді бұрын да айтқанмын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – ұлттық ғылыми, біліми, шығармашылық бренд. Аталмыш жоғары оқу орны түстіктікі де, терістіктікі де, батыстыкі де, шығыстыкі де емес, қазақ ұлтыныкі, Қазақстан халқыныкі. Университетті де, өзгеше ойды да ешкім жекешелендіре алмайды. Біз осы арқа сүйер мықты тиянақты санамыздан ешқашан шығармауымыз керек. Енді өзіндік, өзімдік позицияға оралайын. Оны арғы тегі эфиоп, бергі ныспысы орыс – ұлы ақын А.С. Пушкин өзінің «Арионында» әбден бекемдеп кеткен. Сол өлең жолдарын сіздердің естеріңізге сала кетейін, құрметті оқырман, қадірлі шәкірттерім! - деді профессор.
Қамзиннің пікірінше, қоғамдағы реформалардың мақсаты — қалыптасқан жүйені жетілдіру және қажет болған жағдайда оны жаңарту. Ол университеттегі мәселелерге қатысты түпкілікті шешімді тиісті мемлекеттік органдар қабылдауы керек екенін айтты.
Еске сала кетейік, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Журналистика факультетінің оқытушысы, кафедра меңгерушісі, факультет деканы болып қызмет атқарған ғалым, белгілі ақын, тәжірибелі баспагер Темірғали Көпбай өзінің Facebook парақшасында ҚазҰУ әкімшілігінің "астарлы түрде көрсеткен қыспағы" мен еркін ойлы, білікті ғалымдарды жөнсіз қудалауы жайында жазба жазып, факультеттегі кадрлық жағдайға қатысты ашық мәлімдеме айтқан еді.
Ғалымның айтуына қарағанда, Журналистика факультетінде бұған дейін сабақ берген төрт оқытушы бір мезгілде жұмыстан кеткен. Олардың қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, ұлттық журналистика корифейі Кәкен Қамзин, ақын әрі әдебиеттанушы, публицист Мұрат Шаймаран, жазушы-сатирик Ермахан Шайхы және Темірғали Көпбайдың өзі бар.