Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қазақтың тамыры – ауылда". Қасым-Жомарт Тоқаев форумда ауылды сақтап қалу керегін айтты

17:13, 15 қараша 2024 54

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында сөз сөйледі, - деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы Ақорда-ға сілтеп. 

"Баршаңызды Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумының ашылуымен құттықтаймын! Алқалы жиын Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында өтіп жатыр. Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар, Тоқаев ауылдың алтын қазына екеніне тоқталып, қазақтың рухани тамырын ауылмен байланыстырды: 

"Ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Қалада туып, өмір бойы қалада тұрған қазақтың да тамыры – ауылда. Халқымыздың салт-дәстүрі, тілі мен ділі, бәрі де ауылда сақталған. Жаһандану дәуірінде қазақты сақтау үшін, ең алдымен, ауылды сақтауымыз керек". Бұл туралы Мемлекет басшысы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында айтты.

"Менің тапсырмаммен Үкімет бес жылды қамтитын тұжырымдама қабылдады. "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы әзірленіп, жүзеге асырылып жатыр. Қазірдің өзінде нақты нәтиже бар. Биыл 200-ге жуық ауылға су құбырын тарту үшін қаржы бөлінді. Жыл соңына дейін ауыл халқының 95 пайыздан астамы таза сумен қамтамасыз етіледі",- деді ол.

Сондай-ақ, ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба қолға алынған. Бүгінге дейін 140-тан астам нысан салынды. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында биыл 13 ауыл мектебі пайдалануға берілді. Соңғы бес жылда жергілікті маңызы бар 38 мың шақырым жол жөнделді.Маңызды міндеттің бірі – ауыл халқының табысын арттыру. "Ауыл аманаты" бағдарламасы арқылы жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріле бастады. "Соның нәтижесінде ауылда 16 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Осындай ауқымды жұмыс жалғасын табады. Себебі ауылды көркейту – стратегиялық міндет",- деді Президент.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?