Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақтың Қыз Жібегінің құрметіне…»: Астанада «TEATR ALL» IV Халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр

16:34, 02 қазан 2026

Елордада Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр әрі кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жасқа толған мерейтойына арналған «TEATR ALL» IV Халықаралық театр фестивалі өтіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

1-7 қазан аралығында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылып жатқан дүбірлі өнер додасына Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанның маңдайалды театр ұжымдары қатысуда. Шараның басты мақсаты — қазақ киносының символына айналған Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттап, халықаралық мәдени байланысты нығайту.

Апта бойы елордалық көрермендер мен театр сүйер қауым назарына түрлі жанрдағы заманауи әрі классикалық қойылымдар ұсынылып жатыр. Фестиваль шымылдығы Музыкалық жас көрермен театрында Асхат Маемировтің режиссерлігімен қойылған Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен түрілді. Сол күнгі спектакльде Жібек рөлін Мақпал Дүйсен, Төлеген рөлін Нұржас Садырбаев, ал Бекежан рөлін Расул Усманов сомдады.

Бұдан бөлек, фестиваль аясында Ә.Мәмбетов атындағы драма және комедия театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры, Жастар театры және М.Горький атындағы академиялық орыс драма театрының сахналарында шетелдік және отандық ұжымдардың үздік спектакльдері қойылуда. Олардың қатарында Шекспирдің «Макбет» трагедиясы, Б.Брехттің «Той» трагикомедиясы, Л.Толстойдың «Анна Каренина» хорео-драмасы, Ш.Айтматовтың «Жәмила» драмасы және А.Навоидің «Ләйлі мен Мәжнүн» сияқты әлемдік туындылар бар.

Өнер мерекесі 7 қазан күні К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде қорытындыланады. Онда «Меруерт Өтекешеваның шығармашылық мұрасы: қазіргі театр өнеріндегі сабақтастық пен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп, фестиваль жеңімпаздары марапатталады. Кеш соңы «Қазақтың Қыз Жібегі» атты салтанатты шығармашылық кешке ұласады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар