Белгілі тележүргізуші және диктор Қымбат Досжан әлеуметтік желіде күтпеген мәлімдеме жасап, қоғамда қызу талқы тудырды, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы Skifnews.kz ақпарат порталына сілтеп.
Қымбат Досжан бала кезінде шетелге асырап алуға жіберілген, бүгінде "бельгиялық Жәнібек" атымен танымал Мұрат Савелиевтің анасын іздеп жүр. Бұл мәселеге назар аударту үшін ол әлеуметтік желіде өткір пікір білдірді.
"Бауыржан Момышұлы «Ұстаз адал болу керек, адал емес адам ұстаз бола алмайды» деген. Ал қазақ баласын сатып, ақша алған әйел қазір мектепте сабақ береді,.." – деп жазды Қымбат Досжан.
Жазбасының соңында ол #Жәнібек деген хэштегті қалдырды, бұл әңгіменің басты кейіпкері Мұрат Савелиевке қатысты екенін меңзегені анық. Алайда тележүргізуші бұл туралы қосымша мәлімет бермеген.