Чехияның Брно қаласында көркем гимнастикадан беделді Гран-при кезеңі аяқталып, отандық спорт тарихында бұрын болмаған маңызды жеңіс тіркелді. Қазақстан құрамасының өкілі Ақмарал Ерекешева спорттық жолында алғаш рет осы деңгейдегі халықаралық жарыстың жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Отандасымыз шығыршықпен жаттығу финалында 29,150 ұпай жинап, қарсыластарының бәрін артта қалдырды. Мұндай жетістік бұған дейін қазақстандық көркем гимнастика тарихында тіркелмеген: еліміздің бірде-бір спортшысы Гран-при сериясында шығыршық бағдарламасы бойынша чемпион болмаған еді. Осыған дейін ұлттық құрама қоржынында мұндай үш алтын жүлде ғана бар болатын. Оның екеуін ұршық жаттығуында Әлия Юсупова, ал біреуін доппен өнер көрсетуде Эльжана Таниева жеңіп алған еді.
Жарыстың қорытынды күні 16 жастағы Ақмарал тек алтынмен шектелмей, жүлделер қоржынын толықтыра түсті. Ол доп пен ұршық жаттығуларында украиндық Таисия Онофрийчукке ғана жол беріп, екінші орынды иеленді. Ал таспамен өнер көрсетуде польшалық Лилиана Левинскаядан кейінгі сатыға орнығып, күміс медаль еншіледі.
Ал, жарыстың гала концертінде гимнаст ару Нұғриса Тілендиевтің әйгілі "Аққу" күйіне тамылжыта өнер көрсетті. Отандасымыздың осы орындауы желіде тарап, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп жатыр.
Осылайша, жекелей көпсайыста да вице-чемпион атанған Ақмарал Ерекешева Чехиядағы бәсекені жалпы 5 жүлдемен (1 алтын, 4 күміс) өте сәтті аяқтады.