Ресей Қазақстанның Тараз, Қызылорда және Түркістан қалаларында жаңа мектептер салуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин «Россия 24» телеарнасына берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz Todayinfo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Елшінің айтуынша, жоба екі ел арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту аясында жүзеге асады. Сонымен қатар, Ресейдің Омбы, Астрахань және Орынбор қалаларында қазақстандық мектептердің құрылысы басталмақ. Бұл бастама екіжақты келісім негізінде іске асырылмақ.
«Біз гуманитарлық саладағы білім беру бастамаларын жоғары қарқынмен іске асырып жатырмыз. Тараз, Қызылорда және Түркістан қалаларында ресейлік мектептердің құрылысы жоспарлануда», — деді дипломат.
Бұдан бөлек, Алматы маңында дарынды балаларды анықтап, дамытуға бағытталған ресейлік «Сириус» білім беру орталығының филиалын ашу көзделуде.
Қасым-Жомарт Тоқаевтің Мәскеуге жасаған сапарына тоқталған елші оны екі ел басшылары арасындағы «ерекше одақтастық пен терең жеке сенімнің көрінісі» деп атады. Оның сөзінше, стратегиялық серіктестік туралы декларация жай ғана құжат емес, нақты іс-қимыл жоспары саналады.
Сұхбат барысында АЭС салу мәселесі де қозғалды. Елшінің мәлімдеуінше, жақын арада станция құрылысына қатысты құжаттарға қол қойылып, Ресей тарапынан мемлекеттік несие беру рәсімдері аяқталмақ.
Сондай-ақ дипломат Президенттің Халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастамасы жүзеге асырыла бастағанын атап өтті. Ол Қазақстандағы ресейлік отандастар ұйымдары мен Орыс православие шіркеуін екі ел арасындағы «гуманитарлық авангард» және этносаралық татулықтың негізі деп бағалады.