Абай облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы Жанжігіт Омарханның 2026 жылғы 20 қаңтардағы №10 бұйрығына сәйкес, Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармонияға жаңа директор бекітілді. Бұл лауазымға Қазақстанның Халық әртісі Секен Тұрысбеков тағайындалды, деп жазады Alash.KZ.
Секен Тұрысбеков 1961 жылы Абай облысы Үржар ауданында туған. Ол алдымен Семей қаласындағы М.Төлебаев атындағы музыка училищесінде білім алып, кейін Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны профессор М. Әубәкіровтің жетекшілігімен аяқтаған. Өнер саласындағы еңбек өтілі 40 жылды құрайды.
Белгілі күйші әрі өнер қайраткері «Жігер» фестивалінің, сондай-ақ Мәскеуде өткен жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанған. Ол Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Құрмет және Парасат ордендерімен марапатталған, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың және «Қазақстанның Халық әртісі» атағының иегері.
Өнер жолын «Сазген» ансамблінде бастаған Секен Тұрысбеков кейін «Ақ жауын» ансамблі мен оркестрін құрып, ұжымды халықаралық деңгейге көтерді. Оркестр Жапония, Қытай, Моңғолия, Франция, Германия және басқа да мемлекеттерде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.
Осы тағайындауға дейін ол Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының «Ақ жауын» халық аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарып келген.