Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақстанның Еңбек Ері», «Отан» ордені және «Халық әртісі»: Президент Республика күніне орай жарлыққа қол қойды

11:03, 23 қазан 2026

Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани дамуына елеулі үлес қосқан бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Alash.kz.

Марапатталғандар қатарында еңбек ардагерлері, өндіріс пен жұмысшы мамандық өкілдері, бизнес, білім, ғылым, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, сондай-ақ әскерилер, құқық қорғау органдарының мамандары, спортшылар мен мәдениет қайраткерлері бар.

Жалпы марапат иегерлерінің ішінде 129 еңбек ардагері, өнеркәсіп, көлік, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларының 473 жұмысшысы, шағын және орта бизнестің 200-ден астам өкілі, 150-ден аса педагог пен ғалым, сондай-ақ 120-ға жуық медицина қызметкері бар.

Елдегі ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы өндірістік қызметтегі аса үздік еңбегі үшін «Kazakhmys Smelting» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауытының балқытушысы Әбдірашит Қойшыбекұлы Доспановқа берілді. Оған айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» ордені тапсырылады.

Сонымен қатар «Отан» орденімен көрнекті мәдениет және өнер қайраткері, композитор, «Музарт» тобының танылуына ерекше үлес қосқан Алтынбек Қоразбаев марапатталды.

Жоғары мемлекеттік ордендерге ие болғандар:

  • І дәрежелі «Барыс» ордені: «TNS-group» концерні» ЗТБ президенті Т.Жұмағұлов пен танымал актер Н.Ықтымбаевқа;

  • ІІ дәрежелі «Барыс» ордені: білім саласының ардагері Е.Мәмбетқазиев пен Альпинизм және тауға өрмелеу федерациясының вице-президенті Қ.Уәлиевке;

  • ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені: «Ново-Приречное» ЖШС директоры В.Тюркин мен «Ардагерлер ұйымы» Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы С.Шаңғұтовқа;

  • «Парасат» ордені: «Ақмая» шаруа қожалығының төрағасы Д.Жұмбеков, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Н.Уәли, археолог А.Подушкин, Қарағанды медициналық университетінің профессоры М.Түсіпбекова және «Радуга» ЖШС бас директоры Д.Шарапаевқа;

  • «Құрмет» ордені: «Өзенмұнайгаз» АҚ кран машинисі Б.Досқарин, Қарағанды облыстық балалар ауруханасының бөлімше меңгерушісі Е.Кальмбах, «Астық-STEM» ЖШС бас агрономы Т.Хамидуллин, «Здоровая Азия» қорының негізін қалаушы Н.Плохих, «Қамқорлық» оңалту орталығының басшысы А.Мұсафирова, Атырау су шаруашылығының ардагері Н.Қонас және Ақтөбе облыстық балалар ауруханасының дәрігері Б.Медетбаевқа;

  • «Ел бірлігі» ордені: Алматы қаласының Түрікмен қоғамдық-мәдени орталығының құрметті төрағасы Г.Аннакулиева, Қарағандыдағы «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы У.Джанаев, «Возрождение» немістар бірлестігінің атқарушы директоры Д.Редлер және «Tamos Space School» мұғалімі Д.Ромащенкоға бұйырды.

Оған қоса өндірістік сала еңбеккерлері ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін иеленді.

Еліміздің құрметті атақтары да өз иелерін тапты. Атап айтқанда:

  • «Қазақстанның халық әртісі» атағы өнер қайраткерлері Т.Мұсабаев пен Н.Өтеуловке;

  • «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы Б.Бәймен, Т.Мүсілім, П.Палтаев, М.Сайланбек, А.Темкинаға;

  • «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы педагогтер Н.Каранда, К.Мәжитова, Е.Омарханов, Н.Сафиуллинаға;

  • «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы Т.Шарманов атындағы Ұлттық медициналық университеттің профессоры Т.Таркина мен бірқатар медицина қызметкерлеріне берілді.

Әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарғаны, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары өкілдері І, ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен, сондай-ақ «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен марапатталды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар