Режеп Тайып Ердоған мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапармен келеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жоспарланған ресми сапары екі ел арасындағы стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтермек. Астана қаласында өткен Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның 14-ші отырысында бұл сапардың маңыздылығы ерекше аталды. Үкімет басшысы Олжас Бектенов түрік лидерінің келуі екіжақты қарым-қатынастардың дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
Отырыс барысында тараптар сауда-экономикалық байланыстарды нығайту және инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Премьер-министр алдағы жоғары деңгейдегі кездесуге дайындық жұмыстарының мазмұнды болуына баса назар аударды. Олжас Бектенов комиссия жұмысының нәтижелері мемлекет басшыларының келіссөздеріне негіз болатынын жеткізді.
Үкімет басшысы алдағы сапарға қатысты өз ойын былайша білдірді: «Біз Түркия Президентінің мамыр айында Қазақстанға жасалатын мемлекеттік сапарын ерекше үмітпен күтеміз. Бүгінгі үкіметаралық комиссия отырысы Түрік мемлекеті басшысының алдағы сапарын мазмұндық тұрғыдан байытуға қомақты үлес қосып, жаңа бастамалардың алға басуына ықпал ететініне сенімдімін».
Қазіргі уақытта екі мемлекет арасындағы тауар айналымын арттыру және өндірістік кооперацияны дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мамыр айындағы сапар аясында бірқатар маңызды келісімдерге қол қойылуы жоспарлануда.