Қазақстандағы кейбір жоғары оқу орындарының жабылу себептері мен бұл процестің қалай жүріп жатқаны туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек түсініктеме берді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Министрдің айтуынша, бұл шаралар ең алдымен білім беру сапасына қойылатын талаптардың сақталмауынан туындап отыр. Министрлік студенттердің құқықтарын қорғай отырып, талапқа сай келмейтін мекемелерді оқу орындарының тізімінен шығару жұмыстарын жалғастыруда.
Министр нақты өңірлердегі жағдайға тоқталып, кейбір университеттердің жұмысы ешқандай даусыз, келісім негізінде тоқтатылғанын атап өтті. Саясат Нұрбек бұл бағыттағы жұмыстар туралы:
«Бұл үдеріс әлі де жалғасып жатыр. Мысалы, Ақтөбе қаласындағы Қазақстан-Ресей халықаралық университеті толық жабылды. Біз бұл мәселені айқай-шусыз шештік. Оқу орнының иелерімен келіссөз жүргізіп, ондағы білім алушыларды өзге университеттерге ауыстырдық. Сонымен қатар Атырауда да бір жоғары оқу орны жабылды», - деп мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, басты мақсат - студенттердің оқуын үзіліссіз жалғастыруына жағдай жасау.
Алайда кейбір оқу орындары министрліктің шешімімен келіспей, сотқа жүгінген. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы білім мекемелеріне қатысты сот процестері жоғары инстанцияларда қаралуда. Бұл жағдай туралы Саясат Нұрбек:
«Қазір Шымкенттегі Өңірлік инновациялық университетпен сот жүріп жатыр, іс тіпті Жоғарғы сот деңгейіне дейін жетті. Мұндай қадамдарға баруымыздың негізгі себебі - аталған оқу орындарындағы білім сапасының тым төмендігі», - деп түсіндірді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі бұдан былай да білім беру нарығындағы бақылауды күшейтпек. Министрдің пайымдауынша, диплом алу ғана емес, нақты білім беру - басты басымдық болуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік стандарттарға жауап бермейтін оқу орындарын оңтайландыру немесе жабу процесі алдағы уақытта да өз жалғасын табады.