Әлемдік мыс өнеркәсібіндегі дәстүрлі баға белгілеу жүйесі терең трансформацияны бастан кешіріп жатқан тұста, Қазақстан өзінің ішкі нарығын қорғау мен өндірісті ұзақ мерзімге жоспарлауға бағытталған маңызды қадам жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мыс концентратын қайта өңдеу тарифін айқындаудың жаңа әдістемесін ресми түрде бекітті. Халықаралық конъюнктурадағы тұрақсыздыққа қарамастан қабылданған бұл шешімнің экономикамыз үшін маңыздылығын белгілі экономикалық шолушы Юрий Масанов егжей-тегжейлі талдап берді. Сарапшының айтуынша, қазіргі уақытта жаһандық металл нарығында тек шикізат бағасы құбылып қана қоймай, оны өңдеу қызметінің өзіндік куны да түбегейлі қайта қаралуда. Ол әлемдегі күрделі жағдайды өз сараптамасында былайша бағамдады:
«Биыл мыс концентратын қайта өңдеу төлемінің жылдық бағдары алғаш рет нөлге дейін төмендеді, ал споттық ставкалар мүлдем теріс аймаққа кетті. Енді нарық қатысушылары 2027 жылға арналған келісімшарттарда баға белгілеудің индекстік және гибридті механизмдеріне көшуді талқылауда», – деді Юрий Масанов.
Сала мамандарының арасында болашаққа қатысты болжамдар да әртүрлі. Масановтың келтірген деректеріне сүйенсек, швейцариялық UBS инвестициялық банкі жақын арада мыс тапшылығы орын алып, баға өседі деп есептесе, Халықаралық мысты зерттеу тобы керісінше 2027 жылы рафинадталған металл профициті болады деп болжайды. Бұл ретте қайта өңдеуші халықаралық гиганттардың өзі тығырыққа тіреле бастады. Мәселен, 19 қазанда Оңтүстік Кореяның LS MnM компаниясы қайта өңдеудің қолайсыз шартына байланысты шикізат сатып алуды және өндіріс көлемін азайтуы мүмкін екенін ресми түрде хабарлаған болатын.
Осындай жаһандық белгісіздік қысқан шақта Қазақстанның өз ережесін енгізуі – заңды әрі уақтылы қадам. Елімізде әлі де жаңғыртуды қажет ететін қолданыстағы зауыттар бар, сонымен бірге жыл сайын 300 мың тонна катодты мыс өндіретін екі бірдей жаңа медеплавильный зауыт салу жоспарланып отыр. Мұндай ірі өнеркәсіптік жобаларға құйылатын инвестиция көлемі жүздеген миллиард теңгемен, ал өзін-өзі өтеу мерзімі ондаған жылдармен есептеледі. Сондықтан жаңа әдістеме кәсіпорындардың жоспарлы шығындарын жабуды, есептеулердің ашықтығы мен экономикалық негізделген нормативтік пайданы қамтамасыз етуге бағытталған. Сарапшы Юрий Масанов мұның нарықтық қатынастарды шектемейтінін қадап айтты:
«Бұл жерде сөз нарықтық механизмдерден бас тарту туралы болып отырмағаны принципиалды түрде маңызды. Қазақстан әлемдік мыс өнеркәсібінің бөлігі болып қала береді, ал концентрат өндірушілер мен қайта өңдеушілер халықаралық бағалар мен сұранысқа тәуелділігін жалғастырады. Бұл ережелер металлургиядағы ұзақ мерзімді инвестициялық ортаны қалыптастырудың маңызды элементі. Қазақстанның жаңа қайта өңдеу кезеңдерінің қажеттілігін көпжылдық талқылаудан оларды дамытудың нақты экономикалық жағдайларын қалыптастыруға көшіп жатқаны өте қуанышты», – деп түйіндеді сарапшы.
Осылайша, еліміз шикізат экспортынан жоғары дайындықтағы өнім өндіруге көшудің берік экономикалық-құқықтық іргетасын қалап, отандық зауыттардың тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік жасауда.