Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанда халықтың ақшалай табысы 11,8%-ға өсті

20:09, 09 шілде 2026

2026 жылдың I тоқсанында Қазақстан халқының жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы айына 252 619 теңгені құрады, деп хабарлайды Alash.kz Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда атаулы табыс 11,8%-ға өскен. Алайда инфляцияны есепке алғанда халықтың нақты ақшалай табысының өсімі бар болғаны 0,1% болды.

Ең жоғары орташа табыс Алматы қаласында тіркелді — 408 182 теңге. Одан кейін Ұлытау облысы (353 036 теңге) мен Астана (352 811 теңге) орналасқан.

Ал ең төменгі көрсеткіштер Түркістан облысында (143 409 теңге), Шымкентте (160 951 теңге) және Жамбыл облысында (166 768 теңге) байқалды.

Жылдық өсім бойынша Алматы облысы көш бастады — атаулы табыс 19,1%-ға артқан. Сондай-ақ Маңғыстау облысында өсім 18,6%, Қарағанды облысында 16,4%, ал Алматы қаласында 15,1% болды.

Сонымен қатар бірқатар өңірде халықтың нақты табысы төмендеген. Атап айтқанда, Атырау облысында нақты табыс өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91,7%, Солтүстік Қазақстан облысында 92,9%, Шымкентте 96,1%, Жамбыл облысында 96,6% деңгейінде қалыптасты.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, атаулы ақшалай табыс құрамына еңбекақы, өзін-өзі жұмыспен қамтудан түсетін кірістер, әлеуметтік төлемдер және басқа да ақшалай түсімдер кіреді. Ал нақты табыс көрсеткіші тұтыну бағаларының өзгерісін ескере отырып есептеледі.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар