Алматыда Salem Entertainment компаниясы әлемдік кинематография жұлдызы – актер, режиссер әрі продюсер Джеки Чанмен бірлескен ауқымды жобаны қолға алды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Джеки Чан жуырда Қазақстанға арнайы келіп, болашақ түсірілімдерге арналған локацияларды өзі аралап көрді. Түсірілімнің негізгі бөлігі Қазақстан аумағында өтеді. Компания өкілдерінің айтуынша, елдің табиғи сұлулығы мен алуан түрлі ландшафттары фильм атмосферасын ерекше аша түседі.
“Джеки Чан сынды тұлғаның Қазақстанда түсірілім жүргізуі – біздің кино саласы үшін жаңа белес. Бұл қадам арқылы жергілікті мамандар әлемдік деңгейдегі тәжірибемен танысып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізеді”, – дейді Salem Entertainment басшылығы.
Айта кетсек, Salem Entertainment бұған дейін де халықаралық серіктестікке ерекше назар аударып келеді. Биыл компания америкалық “Оскар” иегері продюсерлермен бірлесіп жаңа жобаны іске қосқан. Сонымен қатар, атақты режиссер Тимур Бекмамбетовпен бірге жасанды интеллектке негізделген ерекше контент жасауды қолға алған.