Қазақстанда 1 қаңтардан бастап барлық күштік құрылымдардың әскери қызметшілері мен олардың отбасы мүшелері жылына бір рет жолаушылар пойыздарын тегін пайдалану құқығына ие болды, деп жазады Alash.kz.
Бұл бастама туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында өткен арнайы жиында ресми түрде жарияланды. Ведомствоның баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында жаңа әлеуметтік қолдаудың мән-жайы түсіндіріліп, оны өңірлік деңгейде іске асырудың нақты жолдары талқыланды. Жобаның басты мақсаты - отан қорғаушылардың әлеуметтік әл-ауқатын арттырып, олардың отбасымен бірге саяхаттау мүмкіндігін кеңейту
«Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілі Айнұр Базарбаева бұл жеңілдіктің тек Қазақстан Республикасының шекарасы аясындағы бағыттарға ғана қатысты екенін нақтылап өтті. Сонымен қатар аталған сапарларға жұмсалатын шығындар мемлекеттік бюджеттен емес, тікелей «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының меншікті қаражаты есебінен жабылатыны белгілі болды.
Жиынға қатысқан «ҚТЖ» маманы Диас Түсіпбеков әскерилердің сауалдарына жауап бере отырып, билеттерді рәсімдеудің техникалық тұстары мен ұйымдастыру ережелеріне тоқталды.
Шара соңында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетов бұл қадамның стратегиялық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, мұндай мемлекеттік қолдау әскери қызметшілерге өз демалыстарын тиімді жоспарлауға, жол шығындарын үнемдеуге және әлеуметтік қорғалу деңгейін сезінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ол жеңілдікті пайдалану кезінде бекітілген ережелердің мүлтіксіз орындалуын бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, бұл бастаманы енгізу мәселесі 2024 жылдан бері талқыланып келген.