ШҚО-да бөлім басшысы жалған ақпарат үшін айыппұл төледі, деп хабарлайды Alash.kz
Шығыс Қазақстан облысының Самар ауданында жер қатынастары бөлімінің басшысы ресми интернет-парақшада жалған ақпарат жариялағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратура тексерісі кезінде «Самар ауданы әкімінің аппараты» сайтында бос жер учаскелері туралы нақты емес деректер орналастырылғаны анықталды. Сайтта шабындық көлемі 180,34 га, жайылым 30,62 га деп көрсетілсе, ресми дерекке сай шабындық – 193,4 га, жайылым – 30,0 га болған.
Бұл факті бойынша ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 1-бөлігі («Мемлекеттік органның жалған ақпарат таратуы») бойынша іс қозғалды. 2025 жылғы 25 маусымда Самар аудандық соты бөлім басшысын кінәлі деп танып, 117 960 теңге айыппұл салды.
Бұл – республика бойынша лауазымды тұлғаның интернет-ресурста жалған ақпарат жариялағаны үшін жауапкершілікке тартылған алғашқы жағдай.
Прокуратура мемлекеттік органдардың халықты жаңылыстыратын деректер таратуына жол бермеу үшін жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.