Осыдан тура 98 жыл бұрын, яғни 1928 жылғы 19 қазанда сағат 23:00-де Қарсақбай зауытының балқыту пеші іске қосылып, Кеңес Одағы бойынша сапасы ең үздік алғашқы мыс балқымасы алынды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осылайша отандық түсті металлургияның ту тіккен қара шаңырағына айналған өндірістің негізі қаланды. Бұл тарихи оқиғаға дейін, 1928 жылдың 16 қазанында зауыт пеші алғаш рет қыздыруға қойылған болатын. Негізінде, бұл өңірдегі кен байлығының тарихы тым әріде жатыр. 1847 жылы орыс көпесі Никон Ушаков жер иелері Бабыр Бөкеншіұлы мен Шияқ Таңсыбергеновтан кен орнын сатып алып, алғаш рет мыс өндіруге килікті. Одан кейін 1909 жылы Н. Ушаков аталған кен орнын ағылшындарға 260 мың рубльге сатады.

Арада үш жыл өткенде, яғни 1912 жылы жаңа иелері Қарсақбайда мыс балқыту зауыты мен байыту фабрикасын салуды ұйғарғанымен, Бірінші дүниежүзілік соғыс, Азаматтық соғыс және Қазан төңкерісі салдарынан ағылшын акционерлері өндірісті біржола тастап кетуге мәжбүр болды. Тек 1925 жылғы 10 маусымда Кеңес үкіметі нысанды мемлекет меншігіне алып, «Атбасартүстімет» тресін құрды да, кен байыту бөлімшесі мен балқыту цехын іске қосты.

Сол жылдары аталған тресттің бас геологі болған Қаныш Сәтбаев Қарсақбайдың Үлкен Жезқазғанға жол ашатын алғашқы баспалдақ екенін және Сарыарқаның болашақ индустриялы орталығына айналатынын болжаған еді.

Ұлы Отан соғысы жылдарында бұл зауыт майдан даласы үшін айрықша рөл атқарды. Майданға жөнелтілген әрбір төртінші оқ пен 32 мың минаның корпусы дәл осы Қарсақбай өндіріс ошағында құйылды. Кейін, 1958 жылғы 16 шілдеде Жезқазған кен басқармасы мен Қарсақбай зауыты базасында Жезқазған кен-металлургия комбинаты құрылды.

Кәсіпорын өзінің еңбек әулеттерімен де ерекшеленеді. Зауытты 33 жыл бойы абыроймен басқарған ел ағасы Қадыр Мәткеновтің ісін бүгінде оның ұлы, Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енген Мұрат Мәткенов жалғастырып келеді. Ал әулеттің үшінші буыны Әнуар Мәткенов те осы зауытта еңбек етуде.

Қазіргі таңда 4 цехы жұмыс істеп тұрған кәсіпорында жыл сайын 190 тоннаға жуық өнім өндіріліп, шойыннан жасалатын бұйымдардың 45 түрі шығарылады. Таңғаларлығы, зауыт жабдықтарының басым бөлігін осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ағылшындар әкелген қондырғылар құрайды. Мерейлі датаға орай «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС кәсіпорын ұжымы мен өндіріс ардагерлеріне көпжылдық еңбектері үшін ризашылық білдірді.