Бас прокуратура Қазақстан футбол федерациясы мен бірнеше клубтарға жүргізілген тексеру барысында 3 млрд теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұзушылықтар қатарында негізсіз сыйақылар төлеу, инфрақұрылым жобаларына қаражатты мақсатсыз жұмсау, спортшылармен жасалған күмәнді келісімдер мен қаржы жымқыру фактілері бар.
Федерацияның бұрынғы басшылығы 300 млн теңгеден астам сомада заңсыз сыйақы төлеген. Талғардағы жаттығу базасы мен әкімшілік ғимарат құрылысына бөлінген 350 млн теңге іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға жұмсалған.
«Ордабасы», «Ақтөбе» және «Жетісу» клубтарында да келісімшарт сомаларын қолдан көтеру, ойыншыларды төмен бағамен сату, жоғары бағамен сатып алу фактілері анықталды.
Қаржылық заңбұзушылықтарға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс Қаржылық мониторинг агенттігіне берілді.
Бас прокуратура спорт саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді.