World Boxing Organization (WBO) орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын мельдонийге тапсырған допинг сынамасы оң нәтиже көрсеткеннен кейін бір жылға жарыстардан шеттетті. Бұл туралы Alash.kz хабарлады.
Дисквалификация кезеңінде спортшыға кәсіби және көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады. Соған қарамастан, оның чемпиондық белбеуі өзінде қалады.
Орта салмақта белсенділікті сақтау және рейтингтегі үміткерлердің құқығын қорғау мақсатында WBO уақытша чемпиондық титул үшін айқас өткізуге рұқсат берді. Рейтингтің бірінші нөмірі Дензел Бентли екінші орында тұрған Энди Сааведрамен кездеседі.
Ұйым шешіміне сәйкес, дисквалификация мерзімі аяқталған соң Әлімханұлы уақытша чемпионмен бірден жекпе-жек өткізуге міндетті. Бұл айқас толыққанды чемпионды анықтайды. Осы уақытқа дейін аралық кездесу өткізуге рұқсат етілмейді. Талап орындалмаған жағдайда, ұйым регламентіне сәйкес қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
WBO президенті Густаво Оливьери Чемпиондық жекпе-жектер комитеті бұл шешімді бірауыздан қабылдағанын мәлімдеді. Жаза мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап кері күшіне енеді. Ұйым толық қорытынды мен талаптар көрсетілген ресми құжатты кейінірек жариялауды жоспарлап отыр.