Қазақстан әуежайларында авиациялық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Бұл жайында Азаматтық авиация комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы.
1 мамырдан бастап еліміздің бүкіл әуежайларында авиациялық қауіпсіздікті күшейту бойынша вокзал маңындағы алаңдарда, паркингтерде және жолаушылар терминалдарында қосымша шаралар енгізіліп жатыр.
Жолаушылар терминалына кіреберістегі бірінші тексеру желісі тыйым салынған заттардың тасымалдануына жол бермеу үшін енгізіледі.
Авиациялық қауіпсіздік шаралары профилактиканы жүзеге асыру және азаматтық авиацияның әуе көлігі инфрақұрылымының авиациялық қауіпсіздік жағдайын бағалауға байланысты күшейтіліп отыр. Алдын алу шаралары заңсыз араласу актілерін болдырмау үшін әуежайлардың пайдалану қызметтерінің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын және қауіпсіздік деңгейін анықтау мақсатында жыл сайын жоспарлы түрде жүргізіледі.
Осыған байланысты жолаушылар тексеру және тіркеу рәсімінен өту үшін әуежайларға алдын ала келуі керек.