Ұлытау облысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық келбетін қайта түрлендіретін ауқымды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Таяуда «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқармасының төрағасы Руслан Өскенәлі Жезқазған мен Сәтбаев қалаларына арнайы жұмыс сапарымен барып, өңірді дамытуға бағытталған бірқатар маңызды нысандардың құрылыс барысын бастан-аяқ тексеріп шықты. Инфрақұрылымдық жаңғыртудың негізгі жобаларына бағытталған қаржының жалпы көлемі кемінде 16,7 миллиард теңгені құрайды.

Арнайы аралау жұмыстары Жезқазғандағы ең еңселі нысандардың бірі — Кеңгір су қоймасының жағалауынан басталды. «Қазақмыс» компаниясының өз қаражаты есебінен 3,4 миллиард теңгеге жүзеге асырылып жатқан бұл абаттандыру жобасының тікелей іргесінде облыстық орталық мешіттің құрылысы бой көтерген. Қазіргі таңда сәулетті мешіт құрылысы аяқталуға өте жақын. Екі нысан толық пайдалануға берілгеннен кейін су жағасы мен құлшылық үйінің айналасы тұрғындардың серуендеуіне, тынығуына әрі рухани демалуына арналған бірыңғай заманауи қоғамдық кеңістікке айналады.

Сапар барысында келесі бағыт ретінде Жезқазғандағы «Жастар» саябағын қайта жаңғырту барысы қаралды. Жалпы құны 4,9 миллиард теңгені құрайтын бұл саябақ аумағында жаяу жүргіншілер мен велосипед жолдары, заманауи субұрқақтар, балалар алаңдары мен көгалдандырылған демалыс аймақтары жасақталуда. Бұл демалыс орны 2026 жылдың төртінші тоқсанында есігін айқара ашпақ. Сондай-ақ шаһардағы спортты дамыту аясында «NAMYS» академиясының жанынан ашық футбол алаңы мен воркаут аймағы салынып жатқаны да назардан тыс қалмады. 150 орындық жатақханасы бар бұл академияда жастардың оқуы мен спорттық шеберлігін қатар шыңдауына толық жағдай жасалған.

Өңірдің мәдени өмірін жандандыру мақсатында С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрының ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 5,1 миллиард теңге қарастырылған. Театр ғимаратын толық жаңарту жұмыстары 2027 жылдың бірінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған.

Мұнан соң делегация Сәтбаев қаласына өтіп, мұндағы Шахтер даңқы аллеясын абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты. Кеншілердің еңбек дәстүрін ұлықтайтын бұл қоғамдық аллеяны жаңарту жобасының құны 3,3 миллиард теңгені құрайды. Аллеядағы негізгі құрылыс 2026 жылдың төртінші тоқсанында аяқталса, оны көгалдандыру мен көркейту жұмыстары 2027 жылдың екінші тоқсанына дейін жалғаспақ.

Жұмыс сапарының соңғы түйіні Ұлытау университетінде өтті. Жас өңірдің білім ошағында негізгі оқу корпусы мен спорт залының құрылысы аяқталуға тақаған, сондай-ақ 140 орындық студенттер жатақханасы бой көтеріп келеді. Тау-кен мен металлургия салаларына білікті мамандар даярлайтын университет аумағында «Қазақмыс» басшылығы ағаш көшеттерін отырғызып, сапар қорытындысы бойынша барлық құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
