«Қазақмыс» активтерді қайта ұйымдастыруды аяқтады, деп хабарлайды Alash.kz
Қазақмыс корпорациясы активтерінің бір бөлігін қайта ұйымдастыру жөніндегі мәміленің аяқталғанын хабарлады. Өзгерістер компания қатысушылары құрамының жаңаруына байланысты жүзеге асқан.
Корпорация мәліметінше, бұл шешім бизнес құрылымын оңтайландыруға, басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға және негізгі өндірістік бағыттарға басымдық беруге бағытталған.
Мәміле нәтижесінде топ құрамында жұмысын жалғастыратын компаниялардың жаңартылған құрылымы қалыптастырылды.
Жаңартылған тізімге «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Kazakhmys Barlau», «Kazakhmys Smelting», «Kazakhmys Maintenance Services», «Kazakhmys Development», «Kazakhmys Progress», сондай-ақ «QazREM Mining», «Qazaq Geophysics (QG)», «SN Mining», «BM Mining» сияқты өндірістік және геологиялық барлау ұйымдары кірді.
Сонымен қатар топ құрамында білім беру мекемелері — «Қазақмыс» корпорациясының Технологиялық және политехникалық колледждері, сондай-ақ «Ұлытау университеті» жұмысын жалғастырады.

Бұдан бөлек, жаңартылған құрылымға бірқатар сервистік, жобалық және әлеуметтік бағыттағы ұйымдар, соның ішінде медициналық және авиациялық активтер де енгізілген.
Сонымен бірге меншік құрылымындағы өзгерістерге байланысты кейбір компаниялар топ құрамынан шығарылып, өзге заңды тұлғалардың меншігіне өткен. Олардың қатарында «Kazakhmys Energy», «Kazakhmys Distribution», «Kazakhmys Coal», «KAZ GREEN ENERGY», «Топар бас энергия тарату станциясы», сондай-ақ сақтандыру және энергетикалық компаниялар бар.
Корпорация бұл ұйымдардың қызметі енді «Қазақмыс» жауапкершілік аймағына кірмейтінін және барлық сұрақтар олардың жаңа меншік иелеріне бағытталуы тиіс екенін атап өтті.
Компания өкілдерінің айтуынша, жүргізілген қайта ұйымдастыру өндірістік үдерістерге әсер етпейді. Барлық кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыс істеп, қызметкерлер, серіктестер және мемлекет алдындағы міндеттемелер толық көлемде орындалуда.
Сондай-ақ корпорация өнеркәсіптік қауіпсіздік, тұрақты даму және әлеуметтік жауапкершілік қағидаттарына адалдығын растады. Бұған дейін жарияланған инвестициялық жобалар да жоспарға сәйкес жалғасады.
Мәміле туралы қосымша ақпарат қолданыстағы заңнамаға сәйкес кезең-кезеңімен жариялануы мүмкін.