«Қазақмыс» Жезқазған байыту фабрикасының әлеуметтік-тұрмыстық инфрақұрылымын ауқымды жаңартуды қолға алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Кәсіпорынның №1, №2 және №3 әкімшілік-тұрмыстық корпустары мен медициналық пунктін жөндеуге 218,6 млн теңгеден астам қаржы бағытталған. Жоба аясында жұмыскерлер күнделікті пайдаланатын жуынатын бөлмелер, киім ауыстыратын орындар мен санитарлық-тұрмыстық аймақтар заман талабына сай жаңартылуда. Бұдан бөлек, ғимараттардың шатырлары, қасбеттері, жертөлелері мен инженерлік коммуникация жүйелері қайта жөндеуден өтіп жатыр.

Негізгі жұмыстар №1 және №2 корпустарда жүргізілсе, №3 ғимаратта санитарлық бөлмелер, дәліз бен баспалдақ алаңдары ретке келтірілді. Сондай-ақ фабриканың медициналық пунктінде ішкі жөндеу жүріп, жылыту, кәріз, электр жүйелері мен сантехникалық жабдықтар толық жаңартылуда. Барлық жұмыс бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен атқарылып жатыр.

Айта кетейік, 2026 жылы «Қазақмыстың» жаңа басқарушы командасы еңбек жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымды дамытуды басты басымдықтардың бірі етіп белгілеген болатын.