«Қазақмыс» Жезқазған мыс балқыту зауытында ауқымды жаңғырту жұмыстарын бастады, деп хабаолайды Alash.kz.
Кәсіпорын мыс электролизі цехын жаңарту жобасына 2026 жылы шамамен 745 миллион теңге қаржы бөліп отыр.
Қазіргі уақытта зауытқа катодты мыс өндіруге арналған жаңа полимербетон ванналарының алғашқы партиясы жеткізілді. Олар химиялық әсерлерге төзімділігімен әрі 60 °C-қа дейінгі температурада жұмыс істеуге бейімделгендігімен ерекшеленеді.
Бүгінде 24 ваннаны монтаждау жұмыстары жүріп жатыр, ал жыл соңына дейін жалпы саны 1 872 ваннаны құрайтын цехта 250 жаңа ванна орнатылуы тиіс.
Жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту электролиз өндірісінің сенімділігін арттырып, катодты мыстың сапасын қамтамасыз етеді және еңбек жағдайын жақсартады. Бұл бастама 2026 жылы өндірістік активтерді жаңартуға, жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен үдерістердің тұрақтылығына басымдық берген «Қазақмыстың» жаңа басқару командасының бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда.