Алматы қаласында TikTok әлеуметтік желісіндегі тікелей эфир кезінде қазақ ұлтының қыздарына тіл тигізіп, балағат сөздер айтқан екі шетелдік азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Сот шешімімен Ресей Федерациясының азаматы Анар Абдуллаев пен Грузия азаматы Ренат Пашаевтың әрқайсысына 15 тәулік мерзімге қамау жазасы кесілді.
Іс материалдарына сәйкес, Қазақстан аумағында тұрақты тұрып жатқан бұл азаматтар әлеуметтік желідегі белсенділігі барысында қоғамдық әдеп нормаларын өрескел бұзған.
Сот қаулысында құқық бұзушылардың әрекетіне қатысты мынадай тұжырым жасалған: «Пашаев Р.А. әлеуметтік желідегі TikTok-та тікелей трансляция жазбасында қазақ ұлтының қыздарын талқылап, балағат сөздер айтқан». Осыған ұқсас айып Анар Абдуллаевқа да тағылып, екеуінің де ісі «ұсақ бұзақылық» бабы бойынша қаралды.
Аталған жағдай қоғам белсенділері мен заңгерлер арасында полицияның іс-әрекетін саралауға қатысты сұрақтар туындатты. Атап айтқанда, шетел азаматтарының бұл әрекеттерінде Қылмыстық кодекстің 174-бабында (ұлтаралық араздықты қоздыру) көрсетілген қылмыс белгілерінің бар-жоғын анықтау үшін арнайы сараптама жүргізілмеуі сынға алынуда. Айта кетейік, аталған баптың екінші бөлігі бойынша 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Бұдан бөлек, әкімшілік жаза мерзімі аяқталғаннан кейін бұл тұлғаларды Қазақстан аумағынан мәжбүрлеп шығару мәселесі де көтерілуде. Қолданыстағы заңнама бойынша, «ұсақ бұзақылық» бабы шетелдіктерді елден міндетті түрде аластатуға негіз болатын құқық бұзушылықтар тізіміне кірмейді. Дегенмен, қоғамда осындай заң бұзушылық жасаған тұлғаларға қатысты ерекше ережелер қолданып, олардың елге қайта кіруіне ұзақ мерзімге тыйым салу қажеттігі туралы пікірлер айтылуда.