Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақ кәсіпкерлері біріксе, ел экономикасы дамиды»: Алматыда Алаш идеясын ұлықтаған қазақ тілді Sana Business Forum 2.0 өтті

20:24, 13 қазан 2024 1317

Бүгін Алматыда қазақ кәсіпкерлерінің басын қосып, бизнес саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуді мақсат тұтқан Қазақстандағы тұңғыш халықаралық қазақ тілді форум -  «Sana Business Forum 2.0» өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.

Ұлтқа адал қызмет етуді мұрат еткен кәсіпкерлер бұл форумда екінші жыл қатарынан жиналып отыр. Форумның басты мақсаты — қазақы іскерлік ортаны қалыптастыру, бизнестегі жаңа заманауи трендтерді ана тілімізде талқылап, өзара тәжірибе алмасу арқылы қазақ кәсіпкерлігін жаңа биікке көтеру.

  • «Даму - экономикалық трендтер, дистрибуция құпиялары, масштабтау»,
  • «Инновация - сату, креативті маркетинг, бәсекеге қабілетті продукт менеджмент»
  •  «Серпіліс - Nietworking» деп аталатын 3 блоктан тұратын форумда:

Мақсат Халық, Ерлан Андаспаев, Гүлбану Майгарина,  Исламбек Салжанов, Аятжан Ахметжанұлы, Әбдулқасым Сойырқас, Болатбек Дәлелханұлы, Айгүл Қуатқызы, Арслан Назарали, Асхат Халимов, Абдинұр Сұлтанғалиев, Шыңғыс Мұқан, Айболат Құлатай, Мәди Фазл, Айжұлдыз Адайбекова, Дәулет Мұқаев, Қазыбек Батыр, Тельман Нағашыбай, Алмас Қылыш, Асхат Нұрмашев, Аманбай Ибадулла, Әділет Бағдат сынды еліміздің үздік кәсіпкерлері мен экономист мамандары қатысып,  бизнестегі жаңашыл тәсілдер, маркетинг пен инновацияның мүмкіндіктері жайлы құнды ойларымен бөлісіп, қатысушыларға бизнес жүргізудің ең озық үлгілерін ұсынды. 


Мақсат ХАЛЫҚ, «
SANA FOUNDATION» ҚҚ құрылтайшысы, «SANA BUSINESS ACADEMY» төрағасы, бас ұйымдастырушы: 

АЛАШ ИДЕЯСЫНА НЕГІЗДЕЛГЕН ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ҚАЖЕТ

«Кәсіпкерлік дамыса, еліміздің экономикасы да өркендейді. Мен әрдайым Алаш идеясына негізделген, қазақ халқының ұлттық болмысын танытып, өзімізге тән ерекшелігімізді көрсететін жаңа экономикалық бағдарлама қажет екенін айтып келемін. Неге? Өйткені Алаш идеясы – халықтың жүрегіне сенім ұялатып, ұлт рухын асқақтатады. Бабалар мұрасынан тағылым алып, рухтанған халқымыз бірігіп, бір жұдырықтай жұмылғанда, елдің экономикасы дамымай қалуы мүмкін емес.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның «Мэйдзи» жобасы болған. Осы жоба Жапонияны небәрі 21 жылда артта қалған аграрлы елден өндірісі дамыған алпауыт елге айналдырды. Алаш арыстары да ұрпақ болашағын ойлап, Қазақстанды өндірісі дамыған қуатты елге айналдыруды мақсат етіп, «Мэйдзи» бағдарламасын жүзеге асырғысы келген. Қазіргі төртінші өнеркәсіптік революция заманында Алаштықтардың мемлекетшіл идеялары ерекше мәнге ие. Олар еліміздің дамуы мен қазақ ұлтының болашағын ойлады. Егер біз осы Алаш идеясынан рух алып, қазіргі заман талабына сай бағдарлама жасасақ, бүкіл қазақ халқы жұмылып, бір мақсатқа бірігеді.

Біздің бір ғана мақсатымыз бар: қазақ ұлтының дамуы, еліміздің әлемдік аренада мықты мемлекетке айналуы. Қазақтың мерейі үстем болып, ұлтымыздың терезесі өзгелермен тең болуы тиіс. Сөзіне адал, халқын сүйетін, елін ойлайтын, мемлекетін көркейтуді мақсат еткен, елдің болашағына қызмет ететін жаңа буын қазақ кәсіпкерлері пайда болуы керек. 

Біздің алдағы міндетіміз – қазақ тілді кәсіпкерлердің үлкен қауымдастығын құру. Сол арқылы біз өз мүддемізді қорғай аламыз. Біз тек біріге отырып қана, мүддемізді қорғап, ұсыныстарымызды айтып, ел экономикасына жаңа серпін беріп, мемлекетіміздің дамуына ықпал ете аламыз. Егер әркім жеке-жеке жүрсе, онда біз өз үнімізді шығара алмаймыз және бізді ешкім тыңдамайды. Қазақ кәсіпкерлері бір шаңырақ астына жиналса, ұлтымыздың болашағы да жарқын болмақ».

Форумның басты қонағы 2024 жылғы Париж Олимпиадасының дзюдодан чемпионы Елдос Сметов болды. Ол спорттағы жарқын жеңістері туралы ой қозғап, жетістікке жету жолында кездескен қиындықтарды қалай еңсергені жайлы әңгімелеп, өзінің баға жетпес тәжірибесімен бөлісті.

Sana Business Forum – Алаш қайраткерлерінің бүгінгі ұрпаққа қалдырған ұлы аманатын орындап, ел тарихында тұңғыш рет қазақ кәсіпкерлерінің басын біріктіріп, бір мақсатқа тоғыстырған тың бастама. Осылайша бұл форум ана тіліміздің іскерлік ортадағы беделін биіктетіп, қазақ тілді бизнес қауымдастығын жаңа деңгейге көтеріп, Алашқа қызмет ететін мемлекетшіл кәсіпкерлерді қалыптастыру жолында тың мүмкіндіктерге жол ашты.

Зарина ӘШІРБЕК,

Alash.kz ұлттық порталы

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?