Қазақстан футбол федерациясының Бақылау-тәртіптік және әдеп комитеті Премьер-лиганың 25 пен 26-турлары аясында тіркелген заңбұзушылықтар бойынша бірқатар отандық клубқа қаржылай санкциялар қолданды, деп хабарлайды Alash.kz.
Осы жылдың 25 қыркүйегінде өткен комитет отырысында ойындардың кешігуі, жанкүйерлердің бейбастақ әрекеттері мен ұйымдастырушылық кемшіліктерге байланысты ұжымдардың жауапкершілігі қаралды. Санкция салынған командаларға жүктелген айыппұлдардың барлығы 2026 жылдың 25 қазанына дейін толық өтелуі тиіс.
25-тур бойынша шығарылған шешімдер:
-
«Оқжетпес» мен «Алтай»: Трибунада жанкүйерлердің пиротехника (файер) тұтандырғаны үшін екі ұжымға да 60 АЕК көлемінде айыппұл кесілді. Оған қоса, «Алтай» сапындағы бес ойыншының ескерту алуына байланысты клуб бюджетінен тағы 100 АЕК өндірілетін болды.
-
«Ақтөбе» мен «Жеңіс»: Кездесудің басталуын 5 минутқа кешіктіргені үшін қос клубқа 60 АЕК-тен айыппұл салынды. Сонымен қатар, «Ақтөбе» жанкүйерлерінің алаңға жүгіріп шыққаны үшін қосымша 60 АЕК, ал «Жеңіс» алаңдағы 5 футболшысының сары қағаз алуы салдарынан 100 АЕК төлеуге міндеттелді.
-
«Астана»: Алаңға жедел жәрдем көлігінің уақытылы жетпеуіне байланысты ұжымға ресми ескерту берілді.
-
«Жетісу»: Команданың тәртіпсіз мінез-құлқы үшін 100 АЕК айыппұл салынды. Сондай-ақ, қарсыластың анық гол соғатын мүмкіндігін ереже бұзу арқылы тоқтатқан футболшы Серікжан Мұжықов келесі бір ойыннан шеттетілді.
-
«Каспий»: «Қайратқа» қарсы матчта алаң иелерінің жанкүйерлері қарсылас тарапқа әдепсіз сөздер айтқаны үшін клубқа 60 АЕК айыппұл арқалатылды.
26-тур қорытындысы бойынша қолданылған шаралар:
-
«Каспий»: Трибунада файер жағу, матч шенеунігіне тіл тигізу және рұқсатсыз дрон пайдалану фактілері бойынша актаулық клубқа 100 АЕК көлемінде айыппұл салынды.
-
«Қызылжар»: Төрт футболшысы мен бапкер ассистентінің ескерту алуына байланысты 100 АЕК төлейді.
-
«Ертіс»: Медициналық жедел жәрдем көлігінің кешігуі салдарынан матчтың 9 минутқа кешігіп басталуына байланысты 100 АЕК айыппұлға ілікті.
-
«Қайсар»: Ойын аяқталған соң алаңда бөгде тұлғалардың жүруіне және трибунада рупор қолданылғаны үшін 60 АЕК төлеуге міндеттелді.
-
«Ордабасы»: Ұйымдастыру талаптарын өрескел бұзғаны үшін 60 АЕК айыппұл алды. Атап айтқанда, командалардың бой жазу сәтінде алаң маңында бөгде адамдар мен мотоциклдердің жүруіне және жанкүйерлердің дыбыс күшейткіш құрылғыларды пайдалануына жол берілген.