Қазақстанның белгілі суретшісі, аниматор әрі ұстаз Алтынбек Өмірзақов дүниеден өтті, деп жазады Alash.kz.
Ол қазақ мультипликациясының негізін қалаған Әмен Қайдаровтан тәлім алған алғашқы шәкірттердің бірі еді.
Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы мен «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі суретшінің қазасына байланысты оның туған-туыстары мен жақындарына, сондай-ақ әріптестеріне көңіл айтты.
Алтынбек Өмірзақов ғұмырын анимация өнеріне арнап, отандық мультипликацияның дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосты. Ол шығармашылық қызметімен қатар, жас буынға білім беруге де ерекше мән берген. Суретші Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының колледжінде ұзақ жылдар бойы сабақ беріп, болашақ аниматорлардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына ықпал етті.
Сонымен қатар ол қазақ анимациясына тән шығармашылық дәстүрлердің сақталып, кейінгі ұрпаққа берілуіне күш салды.
«Қазақфильм» мен «Қазақанимация» өкілдерінің айтуынша, Алтынбек Өмірзақовтың өнердегі жолы мен шәкірт тәрбиелеу бағытындағы еңбегі ұлттық анимация тарихында маңызды орын алады. Оның шығармашылық мұрасы мен ұстаздық қызметі отандық мультипликация саласының дамуына қосылған құнды үлес болып қала бермек.