Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданында болған қайғылы өрт екі адамның өмірін қиды, деп хабарлайды Alash.kz.
Екі пәтерлі тұрғын үйде тұтанған тілсіз жау бес жасар қыз бен көрші пәтердегі ер адамның ажалына себеп болды. Сұмдық оқиғаның мән-жайын анықтаған мамандар кішкентай бүлдіршіннің өрт кезінде сыртынан құлыпталған үйде жалғыз болғанын анықтады.
Куәгерлердің айтуынша, үйдің терезесінен түтін шыққанын көрген көршілер бірден көмекке ұмтылғанымен, есіктің берік құлыпталуы кедергі болған. Терезені сындырып ішке кіргендер диванның артына тығылған баланың денесін тапты. Белгілі болғандай, анасы мен өгей әкесі баланы үйге қамап, өздері қонаққа кетіп қалған.
КТК мәліметінше, бұл отбасы бұған дейін тиісті органдардың бақылауында болмаған. Алайда ауыл тұрғындары ерлі-зайыптылардың ішімдікке әуес екенін және баланы жиі жалғыз қалдыратынын айтады.
«Көршілердің айтуынша, шешесі қызын үнемі жалғыз қамап кететін көрінеді. Бұл жолы да сыртынан құлыптап, қонаққа кетіпті. Кетерінің алдында пешке от жаққан, сол оттан түтін басталған тәрізді», - деп хабарлады телеарна.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның толық себептерін тергеп жатыр. Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Бахтияр Бикеневтің мәлімдеуінше, бүлдіршіннің өлімінен кейін оның 33 жастағы анасы полиция тарапынан ұсталды.